Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  91


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Христиандар 13 санын сүймейді...

Христиандар 13 санын сүймейді,
13 десең – бәлкім үрей билейді.
Күйттегені қара басы, сол баста,
Тұрса-дағы мамыражай күй мейлі.
Ол өйткені ғасыр саны: қан – қабақ,
Ізін салды тарихқа әбден таңбалап.
Дешті Қыпшақ құлап еді сол жүз жыл,
Олжа әперген ойсыратып, сан қабат.
Ұлы жіңгір Мемлекет күйреді,
Өңіріне сүңгіні әкеп, түйреді.
Қолдарынан найза түспес халықты,
Тәлей дәмі, әр қиырға сүйреді.
Соны көріп шошыды олар...
Табынған,
Сайын Дала – қара қанға малынған.
Бақа басты бақадүрлер, ту сырттан,
Қаңтардағы бурадай боп, шабынған.
13-ші ғасыр еді, ақырғы,
Бабалардың қанын судай сапырды.
Тұран жұрты мәңгілік боп көрінген,
Быт-шыт қирап, шошындырды кәпірді.
Содан бері 13 саны оңбаған,
13 десе христиандар болды алаң.
Бас көтермей қалды қайтып, Қыпшағым,
Ойлап кетсем, қарап тұрып долданам.
Қанша жүз жыл жүргізіп ең, пәрменді,
Көріп тұрмын ең ақырғы дәрменді.
Теңізші мен кемпір ғана ырымшыл,
Неге сонша,
Тәңір саған кәрленді?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу