Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  94


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Қыпшақтарды тонады, талқандады...

Қыпшақтарды тонады, талқандады,
Датқалары қалмақтың талтаңдады.
Мейманасы тасып тұр, қайтсін енді,
Быт-шыт қылып өрісте, мал таңдады.
Қыстап тұрып, кәпірлік дінге енгізді,
Жасамақ боп ұмтылды дүнген бізді.
Христиандар шіркеуде шоқындырды,
Тәңірінің жолында жүрген бізді.
Қарцагтағы шіркеуде шатылды анық,
Құл базарда «тауар» боп, сатылды алып...
Мажарстан, бір шеті Мысыр жаққа,
Тұтқын болып айдалды қапыл қалып.
Айдау көріп, малдай боп топылғанмен,
Балағатпен шіркеуде шоқынғанмен.
Ұмытпады сүрені «Тәңірі, амин»,
Іске аспайды дәнеңе опынғанмен.
Жайттар көп қой тірлікте, «ұқсақ» деген,
Кірпияздау шалдарға ұқсап келем.
Ана тілін жоғалтты.
Ал, жадында,
Жалғыз ауыз сөз қалды «Қыпшақ» деген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу