Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  73


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Шаңқ етті!

Шаңқ етті!
Қыран үні шатқалды ұрып,
Көңілді селт еткізіп,
Шаттандырып.
Көкжиек –
Мүлгіп тұрған дүр сілкінді,
Жатыр ма
Бір түлегін аттандырып?!
Қарағай тербеледі жасыл күрең,
Түрттім бе,
Аңдаусызда
Насырды мен?
Шатқалдан
Ауалайды кер бұғы ауық,
Жаралған тәңіріден асыл,
Бірен.
Кеудесі қаңсыды ма
Шер-наладан?
Бір бақыт іздеді ме кер даладан?
Өкпесі көріктей боп,
Өкінгендей,
Бірдеме ұғынады –
Зерделі адам.
Тынысы табиғаттың
Құпиялы,
Төбемде бір тасжарған тұқияды.
Тартады шалғайымнан қалың бөргөз,
Тобылғы,
Қаптап өскен сықияды.
Шаңқ етті!
Қыран тағы,
Тастүлегім,
Бойымда қаным қайнап,
Тасты менің.
...Қайғымды қара суға
Ағызам да,
Бөркімді
Қиядағы тасқа ілемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу