Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  77


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

НАУРЫЗ

Әлімсақтан наурыз жылдың басы,
Анық енді Ұлыстың ұмтылмасы.
Әсте түсіп көрген жоқ
Ауылымның,
«Ұзын сары» келгенде
Ұнжырғасы.
Қыстан қалған дәмді сүр асылады,
Көңілі кең
Ақ әжем шашылады.
Қотанында қой қоздап, ұлардай шу,
Ақ туша тұр, жанында жас лағы.
Будақтайтын көк түтін ошақтардан,
Бой жазады белестер босап қардан.
Ән салады қыз-желең:
«Ғашық болып,
Теңін тапқан бар ма екен қосақта арман?»
Тигізетін жүрекке күнде себін,
Құдіретін музаның білмес едім.
Бүкжеңдеген әз әжем
Алабұртып,
Ән тыңдайды түріп ап,
Кимешегін.
Күбірлейді
Абдырап, мұңға алданып,
Жеңілдейді
Әсерлі ән тыңғанда анық.
Тұз сырықтап салады содан кейін,
Жатыр әне бір тойға
Ұл қамданып.
Шүпір-шүпір балалар шұрқыраған,
Қараша үйдің іші де,
Сырты да адам.
Ақсақалы ауылдың бәрі осында,
– Той-думанмен жүрсе ғой жұртым аман!
Батасы бұл
Үлкеннің аруақты,
Ақ тілеумен толтырар шаңырақты.
Даламыздың шежіре дархандары,
Сахарадай пейілден арымапты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу