Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  92


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Тас жастанып...

Тас жастанып,
Құз-шатқалды шарладың,
Соңыңа ерген құмай тазы –
Арланың.
Құрсағынан ен даламның туып ең,
Өзгеше ғой, мүлде өзгеше
Арманың.
Сайымбөлек,
Сарқыраған Бүйенің,
Ұғып өстің не екендігін киенің.
Нұрхат сендей жампоз жігіт болмайды,
Көтеретін жүгін жалғыз
Түйенің.
Тілін білдің иттің, құстың
Таңданам,
Көңіліңді қылаудай кір шалмаған.
Бүркіттіге
Ұя басқан сен қыран,
Елітеді,
Қазақша бір салған ән.
Мият тапсаң –
Тек даладан табасың,
Жұлдызыңды Жоңғар тауға жағасың.
Сілеусінді қолмен ұстап
Жүрсің сен,
Үзеңгімен аю соққан нағашың.
Қоянкөздің құлжасысың
Құлпырған,
Жоңғар таудың ақ шыңысың
Бұлт ұрған.
Өзің жап-жас болсаңдағы
Естілер,
Тамсандырып,
Әңгіме-аңыз сыртыңнан.
Таусылған ба,
Қай кезде де ер ісі,
Жүрген сайын кеңейеді
Өрісі.
Сен кәдімгі жақын менің досымсың,
Қарт Жоңғардың
Қасиетті перісі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу