Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  69


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Көктем шықпай қойды мүлдем...

Көктем шықпай қойды мүлдем,
Сарсылдым,
Мына әлемді
Тақиядай тарсындым.
Кәрі сүйек сырқырай ма,
Кім білсін,
Артқы жағы шөмиіпті баршынның.
Жағасына
Есіле аққан Есілдің,
Бір қадасын қақтым келіп
Көшімнің.
Үңірейген қуыс кеудем бастықпай,
Соны айналып,
Есің шықты-ау, есіл мұң.
Сағындырды мені нәркес
Жарқындық,
Құса көмді көкейіме барқындық.
Мүскін халде
Кешіккен сол көктемге,
Жас сәбидей қаз-қаз басып,
Талпындық.
Бір ызғар бар
Жібермейді жағаттап,
Қалмай қойды
Қыр соңымнан далақтап.
Сәуір келді,
Самалы жоқ, сәулесіз,
Ертең де сол қабақ шытып,
Таң атпақ.
Атар екен қашан енді
Таң жібіп?
Ит жылымен қоса бірге
Алжыдық.
Онысыз да жарым көңіл
Жабыққан,
Көктем шықпай
Халде жүрмін қанжілік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу