Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  99


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Сыбызғы үні

Сыбызғы үні
Тербейді тамылжыған,
Би билейді
Одалы қалың жылан.
Безектейді бозторғай шырылдаумен,
Аңтарылып,
Жеті Қат аңылжыған.
Қырдан асты бұлдырап,
Сағым жылап,
Аптабына көшті құм –
Шағыл құлап.
Кіп-кішкентай қыл қурай сыбызғыға,
Тербетіліп көк желек,
Бағынды бақ.
Ерке бұлақ
Күмістей ұмытты үнін,
Күй ойнаса,
Күлуге құлықты кім?
Көбелектер гүлдерден ұша алмады,
Мына әлемнің сезініп,
Тұнықтығын.
Шарықтамай
Қыран да көгіне тым,
Көкіректен шерлі күй төгілетін.
Ет жүректен,
Сезімнен
Жұрдай мүлде,
Қара тас та
Сырлы әнге емінетін.
Әуенменен әлемді
Бояндырған,
Шыңырау да
Шаттыққа бой алдырған.
Толқындары теңіздің тына қалып,
Құлақ түрген селтиіп,
Қоян қырдан.
Басы айналды
Жаһанның ғаламаттан,
Құнығады жаңылып,
Қанағаттан.
Осы сәтте белгісіз сыбызғышы,
Сабалатқан бұлбұлын
Шамалатқан.
«У-у-һ» деді де
Тіршілік дамылдады,
Ұмытылды
Боз-боран сабылғаны.
Сергітетін сірескен жан-күйіңді,
Қандай жақсы медеудің табылғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу