Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  89


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Қара суық...

Қара суық,
Долы жел шамданады,
Жеп. Жұлынып,
Лағады маң даланы.
Көк теректі теңселтті сындырардай,
Илеуіне түсірер жалған әлі.
Ал әзірше,
Есірік: шабынады,
Алып қашып тұмақты,
Қағынады.
Шалғайыңнан тартады келеке етіп,
Сәл күте тұр,
Бір зауал табылады.
Сала берме
Сыртқа көп айдыныңды,
Текке шашып,
Білеуіт, «байлығыңды».
Тәңір шебер.
Байқатпай толтырады,
Қоржыныңа тең бөліп,
Қайғы-мұңды.
Мен сияқты жүрерсің
Мәжінденіп,
Бет-жүзіңді шимайлап,
Әжім көміп.
Тірлігімнің,
Тұрлаусыз шырқы қашып,
Көң кеудемде
Қалды ғой назым кеміп.
...Құлаш-құлаш
Қатыпты сүңгі үйлерге,
Қайғы деген қабындап,
Ілбиді өрге.
Үңірейген көр кеудем азынайды,
Одан сайын сен мені
Үңги берме.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу