Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  69


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

КҮЛ

От едім мен бір кезде лапылдаған,
Жуымаған еш пенде батыл маған.
Қуаң тартқан сүреңсіз күлге айналдым,
Қонымды ма, білмеймін атым маған?
Өкінішті-ақ, жатырмын күресінде,
Мынау ғана қалғаны бір есімде:
Қылыш соққан балқытып,
«Ел қорғаймын»,
деген ойдың батырлар сүресінде.
Есектердің бұл күні ордасымын,
Намыстанам...
Шыдаймын зорға –
Шыным.
Қыт-қыт етіп тарпынып,
Дән аулайтын,
Тауықтың да қымбатты жолдасымын.
Тәңір менің ісімді
Оңғармаған,
Әу бастан-ақ тұс-тұстан сор қармаған.
Шөгіп жатып небір нар:
«Таң сәрімен –
Жол шексем, – деп, – Меккеге»
Армандаған.
Осы – қуат,
Келемін тәубеге кіл,
Жолықпайды алдымнан зәуде де гүл.
Құйын екеш құйын да
Қорқытады,
Сығыр құдай, көрмейсің,
Әу, неге бұл?!
Күйім осы қазіргі
Сұрқым жаман,
Сөндірді де қашырды шырқымды Адам.
Көшкенінде қаламын құлазып бір,
Келгенінде қарсы алам
Жұртында аман.
...Отпын қазір өзімше лапылдаған,
Күйдіремін сұлуды жақындаған.
Ел аңғармай
Күл болып тынар ма екем?
Естімей-ақ кете ме
Атымды Адам?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу