Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  77


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Желтоқсанның күндері-ай

Желтоқсанның күндері-ай
Алашабыр,
Қара суық,
Дірілдер қара шағыр.
Нарын жақта қалшылдап бура біткен,
Күй кешіп жүр
Айшалық тамаша бір.
Көкжал да оған батпайды
Мұндайда анық,
Бой тасалар
Пәтшағар,
Құмды айналып.
Танауратқан немеде ес болмайды,
Түн байланып шабады,
Күн байланып.
Су ішпейді қырық күн
Оттамайды,
Маза тауып бір сәтке тоқтамайды.
Көк моразға малынып,
Шуда қалар,
Қай күн келіп иесі ноқталайды?
Опа таппай маңасың сейілден дым,
Үлек қашса –
Шаттанып, пейілдендің.
Насырыңды қасыса
Шөкпей қойып,
Жұлып алдың өркешін кей інгеннің.
...Қара суық,
дірілдер қарашағыр,
Қарашағыр – қурай ғой аласа бір.
Нарын құмның құтырған буралары,
Желтоқсан да
Өтті ғой...
Алашабыр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу