Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  88


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Кекжең етті тым ерғашты

Кекжең етті тым ерғашты
Ыңыршақ,
Иесі ерттеп, қойға мінбек құрым сап.
Майқанынан жарылайын деп тұр-ау,
Өндіршектен көк кездікпен бір ұрсақ.
Ойлап тұрса
Ал, ертеңгі жай құрдым...
Шөбі шүйгін біле алмады қай қырдың?
Құйрығы да құйрық емес,
Құр собық,
Азуында кетті ме екен айғырдың?
Қанша шапсаң – танытпайды қызғандық,
Ит-құсың да бас салар-ау
Ізді аңдып.
Ақиланып, қамшы көмсең – шыжбаңдар,
Мәстекінің табиғаты – шыжбаңдық.
Жал бітпейді жалғанда бұл жабыға,
Сол бір митың,
Жаны сірі тағы да.
Қос құлағын қайшылауды білмейді,
Жымырады, тауқыметтің табы да.
Өмірінде қаншалықты мағына...
Артын берер, сәл таянсаң маңына:
Саған деген ерғаштылық...
Қаға алмас,
Қанша сона қадалса да шабына.
Сүрінеді шиге де сол шалынып,
Оқыранбас, бір дүбірді сағынып.
Изең-изең жүрісі де жексұрын,
Қасиетін жоғалтпайды
Жабылық.
...Қазы бітсе қабырғаға жұқалап,
Жаман неме жуастықтан жұтамақ.
Торсық байлау былай тұрсын
Жанына,
Ер салғызбас кежірліктен бұ талақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу