Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  107


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

ҚЫЗЫЛ ЖОЛБАРЫС

Көз аңғары зіл тартып,
Меңірейген ғалам тұр,
Тұяқкетті тұғырдай сенделеді адам құр.
...Бір кездері кеш батса
Үйге енетін самаурын,
Шөл басатын асықпай, шайға қосып қалампыр.
Дың ететін қастерлі домбырасы құмығып,
Таянса да жүзге анық, күй тартады –
Ұлылық.
Бата берді келінге, түскен кезде Кененнің,
Өңірінен қос бірдей түймелері жұлынып.
Дыңылдатып домбыра, көңілді өстіп бірлейтін,
Тыңдай қалсаң, сезімді –
Шымырлатып үрлейтін.
Сұлу көрсе сұқтанып, көз суғарып алатын,
Көңіл деген бір арсыз, болмашыға кірлейтін.
Сақалы – әппақ, қасы – әппақ,
Қасиет бар абыздық,
Иесі екен жолбарыс, жұрт айтады
Аңыз ғып.
Сүйінбайдың жарықтық, алдын көрді
Арман не?
Майтөбеге тәу еттік – сол да бізге тамыздық.
Болған кезде әркімге бала – қайғы, бас – қайғы,
Жамбыл тәтем сабырлы,
Ештемеден саспайды.
Тоқтатып ап келінін жұбатыпты,
Жарықтық,
«Келеді, – деп, – соғыстан аман-есен Шаштайды».
Балқаш қайда, Шу қайда?
Алғадайын аңсаған,
Кеп қалар деп боп жүрді, тірлігінде қанша алаң.
Айта алмады қайла не?
Аталарын түгендеп,
Сталин бар құрыштай,
Жол таппады, заң – шалаң.
Өте шықты бұ жалған, ештемеге бұрылмай,
Көз сүйсінтіп зәуде бір
Ғайып болған Бұрымдай.
Қарасайдың қабағы тас түйілді
Кенеттен,
Бозторғайы Кененнің жерге түсті шырылдай.
Алматыға келіпті,
Жүн кеуделі жінігіп,
Жастар оған қасқайып, қарсы тұрды дүбініп.
Сойқан шықты кездейсоқ,
Бір жолбарыс батысқа
Кетіп бара жатыпты, бір жазылып-бүгіліп.
Иесі екен Жәкеңнің қонған келіп Димашқа,
Одан тайды бақ-дәулет,
Бұйырыпты Үй – насқа.
Өзіңді іздеп барады, біз үркіттік, үркіттік,
Сенен басқа ешкімге,
Ол жолбарыс сыймас та.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу