Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  79


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Өзіммен өзім отырып, күбірлегемін....

Өзіммен өзім отырып, күбірлегемін,
Сөзім сөзі емес – тірі неменің.
Қан жылайды екен жүрегің шарасыздықтан,
Көз жасым барып тамады біріңе менің.
Хал-күйі қандай болады түрмедегінің?
Тірлігің бұл не жасаған қат-қабаттағы?
Ойларды оқып үйренген қас-қабақтағы.
Жатырсың өзің сарғайып, бекініп мығым,
Шешеңді тағдыр қайғыға тастамақ тағы.
Ұйқысы жоқ қой, байқұсқа ас та батпады.
Қабарып кеткен қабағы, салы ағып суға,
Сен қызып жүрсің шапқылап, балалық буға.
Жанарын жайлап шешемнің қасірет-қайғы,
Барады шөгіп байқасаң, аналық тұлға.
Сүйеніші өзің – ұғынсаң,
Шалалық қылма.
Болып жүр қазір қиналып, баулығым батпақ,
Сәби ғып тербеп келесің, тауды құндақтап.
Үлкен жүректі көремін өзіңнен ғана,
Сағындым, шеше, мен сенің жаулығыңды әппақ,
Шапқылап жүрген былдырлап, бал күнімді әппақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу