Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  165


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Көкіректі кернейді кермек шерім...

Көкіректі кернейді кермек шерім,
Адалдығың, пәктігің – жөргек сенің.
Дәрменсізбін, сұлу ең сүдіні ерек,
Көгілдірі тәрізді өр Көкшенің.
Қиянатты жолыңа қойған қалап,
Сан жыладың жүрегің ойдан қанап.
Жамау-жамау жаныңа сеп болмадым,
Сүйіп қалдың озбырды қайдан қалап?
Сен зиратта жатырсың «айды» құшып,
Аруаққа аһ ұрдың қайғы құсып.
Томпаяды қара жер: әке-шешең,
Түсті ме екен бір аунап, әй, құнысып?
Күрсінеді моласы күңіреніп,
Сен отырсың шошайып.
Іңір,
Өлік.
Ал артыңда зинақор қорқаулар тұр,
Бас салатын тәрізді бірі келіп.
Солқылдадың, иінің дірілдеді,
Сыңарыңнан адастың бір індегі.
Басың сенің саудаға түскен көптен,
Сұлулардай сатылар Үрімдегі.
Қайда кеттің, жыраны сағалап қай?
Жолығып ең, жәудір көз, маған ақтай.
Қорымдардың қойнына қондырамын,
Қанатымның астына паналатпай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу