Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  81


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Білмеппіз ғой барады тағдыр өтіп...

Білмеппіз ғой барады тағдыр өтіп,
Жібердің бе жасыңды жаңбыр етіп.
Орамалың екен деп ақша бұлтты,
Жүрек тулап, қалғаны жан дір етіп.
Жаңбыр үні жадымда сібірлеген...
Дегбір таппай отырмын іңірде мен.
Алқымыма тығылды өксік қайдан?
Қуқыл тартты білмеймін түрім неден?
Қазасысың қайтейін, долы күннің,
Басылмасын сеземін солығыңның.
Арасында жүрсің бе әлі күнге,
Жан-жағыңды қоршаған толы мұңның?
Тартармыз-ау тағдырдың сыбағасын,
Қоштасқан сәт жадымда – жылағасың...
Жауып жатыр толассыз,
Жаңбыр – әлем,
Тиылатын кез бар ма, бұла жасың?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу