Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  69


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

КОНТРАСТ

Құлап жатты жапырақ дымы басым,
Сезінбейді күннің ақ шұғыласын.
Таралғыдай қысқа өмір берген оған,
Аңдай алмас шығысын, құбыласын.
Текеметтей төселген табанымда –
Жапырақтар.
Көмілген нала-мұңға.
Келемін мен алшаңдап, күй ойнайды,
Консерваторияның алаңында.
Сыпырып жүр топ бикеш тораптарды,
Жапыраққа толтырған қораптарды.
Сыбыртқысы – қайыңдай, өзі нәзік,
Бір жәутең көз қысыла қарап қалды.
Көңілімнің асқынған тау шақтары,
Бейнесімен жүректі қаусатқаны.
Дір-дір етіп қызарып кеткен екен,
Клавишті басатын саусақтары.
Отты жанар өткені өңменімнен,
Кездейсоқтан кездестім селге білем.
Ішке кірдім сезімнің жетегінде,
Көкірегім тазарды көң көмілген.
Кеудемдегі басқаша құбылды ызың,
Қарашықпен байқатты құнын қызың.
...Отыр едім, көтеріп келе жатты,
Таудай бикеш қасықтай сыбызғысын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу