Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  90


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

АЙ

Мақпал түннің қойынында толған Ай,
Барар едім...
Тапсам екен жол қалай?
Мен сияқты көп ғашықтың бірі ме?
Таяп барып, ақты жұлдыз сорғалай.
Байыздатпай ежелгі ынтық көңілді,
Ұялды ма Ай, шәрбі бұлтқа көмілді.
Жерде тұрмын...
Сүйген жүрек – есуас,
Сәуле шашып, жұлдыз біткен емінді.
Кепкен кезі құмарлықтан аңқаның,
Өткерді ме Ай-ару да бал таңын?
Кірпігінде бар сияқты мұң-нала,
Әлдекімнің жеткені ме?..
Қорқамын...
Күйреді ме тым кездейсоқ арманы?
Опынғаннан шайналды ма бармағы?
Ай жүзінен көзімді алмай телмірдім,
Ой, сұмдық-ай, ноқта тектес бар дағы.
...Толған Айдың мақпал түнде түрі әсем,
Сүдініне ұқсайсың-ау, сірә, сен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу