Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  82


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Жанарың-ай зұбаржаттай тұңғиық...

Жанарың-ай зұбаржаттай тұңғиық,
Қарашыққа қойған тәңір мұң құйып.
Сүдініңе сүрінеді көрген көз,
Әрі текті, тәкаппарсың тым биік.
Қалды аққусыз дір-дір еткен айдыным,
Сейілмейтін қаймағы бар қайғының.
Кірпігімнен тамған жас қой қуалап,
Менің жалғыз бұ пәниде байлығым.
Қамалдым-ау, қасіреттен күйге абат,
Жүрегімді шер кеседі қидалап.
Туырылған көк өңезі кеудемнің,
Өзегімді өртеп жібер қи қалап.
Бытыр-бытыр отқа жансын сүйегім,
Құдай, егер болсаң маған қи өлім!
Бұрқырасын қамырығым түтін боп,
Желк-желк етіп шудасындай түйенің.
Махаббаттың мұнарасы тым биік,
Тірлік кешу күнә, білем, кілмиіп.
...Қарашығың терең екен мұң толған,
Тартып бара жатыр мені тұңғиық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу