Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  77


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Қауызында шұғынықтың – қара барқын нала бар...

Қауызында шұғынықтың – қара барқын нала бар,
Үр қызының үркек кейпі тау бөктерін сағалар.
Тәмсіл-тәмсіл сөз айтасың,
Таңдайымды кептіріп,
Үркер туса дәмі де оның ізім-ғайым жоғалар.
Шатқалыңда шарқ ұрасың шатты мекен атанған,
Өз-өзіңе сен жатқанда қабір қазып, татам – қан.
Қатері бар сапарлардан тайынбадың, тарттың кіл,
Қатебі бар түстің-дағы сары жампоз атаннан.
Бекер, бекер!
Тұңғиықтың түбі саған – у, нала.
Жетім қалар өзегіңді жарып шыққан қу бала.
Шұғынығым,
Қауызыңда қара барқын қайғы бар,
Өтінемін,
Ақ жаныңды арам ойға былғама.
Тек түйсізге өсетұғын, шұғынық гүл, киелі ең,
Самал емес,
Тербетеді әуелеген күй-өлең.
Өң-түсің де
Түсінгенге мынау жалған әлемде,
Өзгеше ғой –
Көзіңді арбар –
Албыраған шиеден.
Кім біледі, қалай екен, маған солай көрінді,
Талғамсыздау пақырлардан сәби-көңіл жерінді.
...Ақшүленнің қарын қайдан,
Уыста ұстап тұра алам?
Мен өлгенде, шұғынық гүл, сен көмкерсең көрімді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу