Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  72


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Маң төбет еді Бөріала қораға сақ...

Маң төбет еді Бөріала қораға сақ,
Арсалаңдап шығады бара қалсақ.
Бейшараны мінетін,
Көнетұғын,
Тоқым-терлік үстіне балалар сап.
Шұрылдасып жататын қаумалап ап,
Мизымайды арлан ит – аумаған ат.
Ұмтылатын кенеттен жыға-мыға,
Құлдиласа салт атты тау жағалап.
Боқжамаға толы үсті далбаңдаған,
Ат үркітер киімдер салбаңдаған.
«Жүгенделген», «ерттелген» итті көріп,
Күлетұғын келгенде малдан ағам.
Құла түздің ықтырдың абалағын,
Бір кісідей түсіндің дала мәнін.
Жоғалдың да жым-жылас, бірге әкеттің –
Бақ-дәулетті үйдегі, сабалағым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу