Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  129


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Жапалақтап қар жауды – бұлыңғыр күн....

Жапалақтап қар жауды – бұлыңғыр күн,
Бұлыңғыр күн, өкпекті жұлындырдың.
Шамам қайдан келеді, санам дімкәс,
Қалар ма екен таусылып, мұңым бір күн.
Көктем неткен алдамшы, құбылмалы,
Менің нәзік жанымды ұғынбады.
Көршіміздің баласы қуанып жүр,
Көкек келіп, биесі құлындады.
Жапалақтап қар жауды – қатыбас күн,
Лайсаң жер. Жығылдым. Қапы бастым.
Амандығын білу жоқ қырдағы елдің,
Тоқтап тұрған кезі ғой қатынастың.
Көктем неткен алдамшы – бұлың-сұлың,
Өкпеледім мен саған, мұным – шыным.
Көкөзек шақ, қой баққан шопан мұңды,
Жетіспей тұр бір бұрам шылым... шылым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу