Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  74


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

КЕҢСАЙ

Тәттілігін тірліктің бағамдамай,
Аңғармадық өткенін заман қалай.
Балауыздай қысқа – өмір,
Бет жыртысып,
Жара салдық жүрекке алай да олай.
Шәуілдедік қанденше, ырылдадық,
Адамшылық қасиет қырын қалып.
Абұйыр да жұрдай боп тынған еді,
Әр күн сайын жағасы жырымдалып.
Кең әлемге симадық, алшаңдадық,
Лепіресің тіптен де алсаң «қағып»,
Күндеуменен әлдекім күн кешіп жүр,
Өзі апарар биікке жансаң халық.
Әрбіріміз таудаймыз мұнар басқан,
Даңғазамыз көбейді – құлар ма аспан?
Көре алмаймыз болмасты – ішмерездік,
Арамызда шайтандар жүр арбасқан.
Біз екенбіз аңдасақ, пақыр кілең,
Көре алмадым әлі күн батырды мен.
Кеш түсініп, «кешір» деп булығамыз,
Үзілерде кеудеден ақырғы дем.
«Кеңсай» жаққа жайменен жөнелеміз,
Пәс пен биік мүрде боп теңелеміз,
Жер-бесікке бәледен аласталған,
Құндақталып сәбидей бөленеміз.
Құшағы үлкен, жатады аңысты аңдып,
Тіршіліктен қалғанмен алыс, қалғып,
Сиыспаған – сиысар, тірлігінде –
Кім қойды екен «Кеңсай» деп, –
Данышпандық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу