Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  84


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Мұнар шалды.

Мұнар шалды.
Секемденем.
Тосындық,
Басымда бақ, болатұғын қосым құт.
Қызыл іңір – қызығы бір басылмас,
Жоғалды ма?
О, сұмдық.
Күркіреген үрейлі үн.
Неменеге шіренесің, неменеге шіреймін?
Бейбағымыз жиырмасыншы ғасырдың,
Деп жүрсің бе?
«Сүйегіңді ақ сөңке етіп күреймін».
Адыра қал Семейден,
Саған пұлды көз жасымен төлейді ел.
Сақалды жыр жата берсін сипап қойып сақалын,
Менің шерім ішке сыймай көбейген.
Қыстың күні төбеңде ұшқан ләйлікпін,
Құштар едім тірлікке әттең, айныттың.
Жаныма қас болғаны ма бойдағы бар байлықтың?
Жасырынып ел көзінен шегетін,
Таусылмайтын қор-қорыңнан қаймықтым.
Тас қараңғы.
Байғыздайын зарладым,
Шақтым келіп түтін бөккен қарға мұң.
Өз уынан өзі өлетін шаяндай,
Өз басыңды жұту ғана бар қамың.
Сенің буың қаныма да ұласқан,
Тосқауылға жолыға ма тым асқан?
Төсегімнен түрегелем таң ертең,
«Құлап кетіп күйрей ме – деп, – Ұлы аспан?».
Күдік-күмән шарлап алған.
Санамыз да сарғайған,
Таусылғаны
Саған қарсы күресетін шарғы-айлам.
Басшылар да тайсақтады
Бес еркектің буы бар,
Құла түзде жүріп жатыр бар майдан.
Мұнар шалған сейілмеді тамұқ таң,
Қара құзғын үстем боп тұр халықтан.
Қабырғасын бір-ақ теуіп сөгетін,
Қарақұстан тумады әттең қалықпан.
Тоқтатпадың қорқорыңнан
Тартуыңды зарды елеп,
Сені артатын қатебі бар нар керек.
Семейімнен садаға кет... адыра,
Мәңгілікке бар демек.
Бұл маң емес мекенің,
Көңіліндей құбылмалы текенің.
Көш, бәлекет, жер-әлемді былғама,
Бола көрме қалың соры, шодырайған шекенің.
О, қара жер, аяғыңа бас ұрдым,
Зұлымдықты қойыныңа жасырдың.
Бәсекеден бәле тапқан білімдар,
Бейбағымыз жиырмасыншы ғасырдың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу