Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  84


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

ҚЫР СУРЕТІ

Шырылдайды бозторғай, айнала сән,
Шілде туып, жаңарған ай да қашан.
Емініпті отар қой көк шүйгінге,
Жусап жатыр: тапжылмас, айдамасаң.
Тең түседі бал құрақ теңізбенен,
Маңырайды қозы-лақ ене іздеген.
Ауыздықсыз,
Ерттеулі,
Тұсаулы тұр,
Бүгелектеп, жайылмай семіз дөнен.
Өлексе іздеп құмай жүр қалықтаған,
Құзғындардың құлқыны қанық маған.
Қырағы шал бірін де қалт жібермей,
Әр нәрсені өзінше байыптаған.
Ала төбет көз жұмып кілгіреді,
Осындайда тынығып үлгіреді.
Қас қарайса қотанның күзеті бар,
Сақтанбаса көкжалдар бүлдіреді.
Бекіп қалған ой осы түйсігіне,
...Селеуі де даланың биші міне.
Тұр әнеки қойшы шал еңкіш тартқан,
Қайың сапты сүйеніп бишігіне.
Сидаң тартып, көлеңке ұзарыпты,
Батыс жағы Жоңғардың қызарыпты.
Алтын нұрға малынған өңір керім,
Аймалайды Күн ару Түз алыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу