Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  91


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

КӨКПАР-ӨМІР

Көз ұшында,
Алысқа самғаған ат,
Бойға желік бітірді, жанға – қанат.
Ақбоз мінген бозбала ағызып кеп,
Өте берді біздерді шаңға қамап.
Енді аңғарып, көкпарды дегбір кетті,
Қиқулатып көбейтті ел дүрмекті.
Делебемді қоздырып ұлы дүбір,
Қамшыладым, еріксіз теңбіл көкті.
– Шү-у, жануар!
Ұрымтал тұста мына,
Досқа күлкі, таба етпе дұшпаныма!
Қарсы алдымнан жалт еткен сол көкпардың,
Мен де создым қолымды пұшпағына.
...Осы жолда түсерміз отқа небір,
Айдалаға бос шаппа,
Тоқта, көңіл!
Қалжыраған кезімде қалтарысқа,
Тастап кетіп жүрмеші көкпар-өмір.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу