Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  182


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Бетегелі сардала сағым жапқан...

Ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке
Бетегелі сардала сағым жапқан,
Астық берген саң мың пұт – шағың мақтан.
Байқоңырың – ғарыштың дарбазасы,
Сүрен салып, әлемге дабыл қаққан.
Боз жусанды боз далам, буазыған,
Кездерің көп тым-тырыс құлазыған.
Сол сәтіңді түсінем, тебірене,
Екі көзден кенеусіз су ағызған...
Кілегей-мұң жататын дидарыңда,
Түсіп кеткен шақ аз ба ми қарынға?
Беріп қойып тізгінді бөгделерге,
Бармақ тістеп өкінді ұлдарың да.
Күлбілтелеп мықтылар сырдақтады,
Уәдемен шығарды құрғақ тағы.
Өзіміздің опынып, азаматтар,
Әлдекімдер айға ұшты бір жақтағы.
Қабағымен, сұсымен бұқтырды алып,
Марғау тартты санасы тұтқырланып.
Көгенкөздер нағыз біз, «әйт!» десе елім,
Бақайының ұшымен тік тұрды анық.
Беті қайтқан монтаны күреңсенің,
Үміт өшкен, жоғалған білем, сенім.
Асатыннан айға ұшпақ қазақ ұлы,
Көтеріліп қалғаны бір еңсенің.
Шуақ шашты өзгеше сәруар таң,
Салқар дала, сал көңіл бәрі – дархан.
Ғарыш жаққа жеткізем арманымды,
Кедергіні қиратып кәрі-қартаң.
Күн туғандай шаттанып, сырнайды алар,
Батыры бар халқымыз жырлай да алар.
Кемесімен ғарыштың түнді тіліп,
Қазағымның бір ұлы нұрға айналар.
Кейде бар да, кейде жоқ бақ – бір қына,
Тоқтар, мықтап, көндіргей нақты ырқыңа.
Отыз жылда жалғыз сен – кескекті үзген,
Кеудемсоқтар күйсінші дақпыртыңа.
Жаңалықты ап қашады ескен ебі,
Қазағыңа айбарың сес береді.
Сілкіндірші әлемді, Тоқтар, енді,
Мінсең-дағы отыз жыл кеш кемені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу