Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  71


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

САҒЫМ

Сағым, сағым...
Алыстан мұнартасың,
Көрген көзге беймәлім мұң артасың.
Сардалаға таратып сағынышты,
Ғайып болып кетуге құмартасың.
Теңіздейсің тасыған кенереңнен,
Бірақ ада, толқының кемелерден.
Ғашықтардың көз жасы десе біреу,
Күмәнсіз-ақ сол сөзге сенер ем мен.
Құбылыс жоқ жалт еткен тақа мұндай,
Көгілдірсің сәуірдің шапағындай.
Бұлдыраңдап барасың бұйраланып,
Қарт «Жоңғардың» ақ күміс сақалындай.
Шу асаусың кеткен бір құрық көрмей,
Ақсуымдай тасисың ырық бермей.
Жоғаласың кей сәтте,
Сен сияқты,
Көкейімде бір үміт жүріпті өлмей.
Сағым-сезім жүректе мелдектеген,
Өлең – бұлақ, бір қанбай шөлдеп келем.
Сағымданып алдымнан жыр әлемі,
Көрінесің арман боп мен жетпеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу