Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  75


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Тәңір сені жаратпаған пенде етіп....

Тәңір сені жаратпаған пенде етіп,
Тірлігіңде көп кездесті кем-кетік.
Көз аңғары зіл тартады құдайдың,
Қойғаны әттең қойыртпаққа шөлдетіп.
Асық жатыр арманыңды айғақтап,
Бір-ақ түнде жетесің ғой айға аттап.
Бір-ақ сәтте күл-парша боп күйрейсің,
Пейіліңнің өтеуі бұл қайда әппақ?
Сөз сөйлеуге жарамадық жұмбақтап,
Ән салды інің: «...құйрық-жалсыз...»
Тым қатты-ақ...
Қасіретті жүрегіңе сіңдіріп,
Қобызыңды қойыпсың ғой құндақтап.
Қалжыңдадың, езу тартты зайыбың,
Ниетімен жуатындай «айыбын».
Күлкісінде бары да анық шер-нала.
Жасырғанмен сырт көздерден уайымын.
Күшігендей шоңқимашы шөмиіп,
Түзде қалған тынбайды ұлып көңіл ит.
Қарқара кеп қосылады жан, бәтір,
Талағыңда болмаған-ау тегі бит.
Босағаңа барып талай бата үйдік,
Танытпады тәңір бірақ сақилық.
Құдай – жалғыз...
Сен – жердегі құдайсың...
Бұтақ бермей, ғұмыр берді бақилық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу