Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  78


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Кеспіріңді кескіндеген тым қатал...

Кеспіріңді кескіндеген тым қатал,
Өседі ме аңызақты құмда тал?
Сексеуілдей қасіретті бейнесің,
Бір күлгенің, мұңлық анам, қымбат ал.
Жаулығыңнан самай шашың үрпиген,
Шықпаушы еді бір кездері жұрт үйден.
Тұзын шашып ойнап жүрді сорыңның,
Қу тағдырың қабақ-қасы кіртиген.
Аңылжыған аспан асты, апшыған,
Көз жазуда мамырстан жақсыдан.
Бірін – жерге, бірін – торға қаматып,
Олшидың да қала бердің топшыдан.
Қатер, кесел ашты аяусыз аранын,
Жоқтығынан мәңгүрт болдық шараның.
Қанжығасыз жол жүрмейді жылқышы,
Жасаурайды амалсыздан жанарым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу