Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  104


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Қос өкпемді қысты менің түнек дым...

Қос өкпемді қысты менің түнек дым,
Дімкәстікпен айлар жылжып, жыл өттің.
Денсаулығым ештеме емес, азғаным,
Езіп-жаншып, жан дүниемді жүдеттің.
Іңір түссе ірге құшам талығып,
Үміт қайтты қиялдардан сан ұлып.
Жаза алмадым еңсемді бір – басты азап,
Тауым қалды, тауым қалды шағылып.
Біткенім бе, шыққаны ма күл-паршам?
Беретұғын кезі еді ғой тұлпар шаң.
Түнек түннің бұғаулаған бұрымы-ай,
Дауыл тұрып, күн жауатын – бұрқансам.
Қара бояу қабырғамды қысты алып,
Кеңірдек пен өңеш қалды ысталып.
Қапас түннің қойыны тым ызғарлы,
Көре алмайтын болып жүрмін түс те анық.
Уайым жеп, қайғы батты шымбайға,
Сықырлаған аяз беті сынбай ма?
Үйреншікті қара түнек тым бойға.
Қараң-құран...
Бара жатыр кім, қайда?
Азапты едің, түн құшағы – неткен мұң,
Қара түнек дәрменсізбін, тек көндім.
Сумақай түн, сұрқиясың.
Кектендім.
Қабағыңда қаһары бар кетпеннің.
Түн – дөрекі, қырын қарар пандана,
Құшағында тыр жалаңаш салдама.
...Кеудемдегі жұдырықтай жүрегім –
Қараңғыға қарсы тұрар шам ғана...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу