Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  106


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

О дүниенің қоңырсы исі жайлаған...

О дүниенің қоңырсы исі жайлаған,
Түсініксіз көрінеді айналам.
Кейде – өлімін, кейде тірі күн кешем,
Бұ жалғаның жұмбақ қалар әй, маған.
Құбыламды болжай алмай шаршадым,
Менің ғана иығымда барша мұң.
Құдай, құдай естісе егер құлағың,
Бір күн тынбай айтатұғын бар шағым.
Таба алмадым ешбір опа, барқадам,
Мендік базар тым ертерек тарқаған.
Қаңырығы түтеп жүрген біреумін,
Зіл батпаның түспей қойған арқадан.
Кенеледі нәзік жаным зар-мұңға,
Қара шынжыр шылдырлаған қарғымда.
Теткіп ұстап, опындырдың оңдырмай,
Қасіреттің қара орманы бар мұнда.
...Тірлік кешу неткен сонша күлкілі ең,
О дүниенің қоңырсы исі мүңкіген.
...Егер сенің жемқор әкең болмаса,
Сен де мендей тентіреуің мүмкін ең...
Есікті аштың сол әкеңнің кілтімен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу