Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  82


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Атаңның басына келдің бе?!

(халықтың назалы сөзі)
Сүйек шықты.
Күн сұрапыл, бар ызғар,
Танытады көшкен бұлттар әрі ызбар.
Оң дәуірді теріс сап боп молдамыз:
–Мына кісі, кәне, кімге қарыздар?
– деп сұрады.
Бұл әдеткі жоралғы,
«Қарыздар» деу жарықтықты обал-ды.
«Жоқ, жоқты» айтып, даурығысты қалың жұрт,
Тілін тістеп сараңдары омалды.
...Зират жаққа жөнеп берді кілең ер,
Ал, марқұмның ет жақыны түнерер.
Соңдарында қатын-қалаш ұйлықты,
Озандады, жылау – сауап... түбі – өлер...
Төрт бұрышы – төрт құбыла ақымның,
Сүрелерін сұңқылдатты Хатымның.
Көрге енгізді үш-төрт жігіт мәйітті,
Тек денесі сыймайтұғын ақынның.
Бетін жапты лахаттың да лекерлеп,
«Төсемеңдер тас-бетонды бекер, көп,
мәңгілік жоқ», – деді біреу, құр іштен,
Тірліктегі дүниеге бекем боп.
Жөрелгісі осы әлгінің марқұмға,
Мазақ етіп, ал, сайтандар, қарқылда.
...Балалары тым жас еді өндірдей,
Қасірет пен қайғы қалды артында.
Соңғы сапар...
Топырақты атып жатыр көсіп ел,
Біткен жері осы шығар несібең.
Жерлеуге адам келгендердің біразы,
Туыстарын шықпай жүрген есінен,
Іздеп кетті,
Мола аралап самсаған,
Деді біреу: «мынау – шешем, там соғам».
Шал біткенді жетектеді кіл мәжін,
Шықты әр жерден қоңыр дауыс «ән саған».
Енді қайтсін, жол түспейді, шалғай тым,
Тірі адамға мынау тірлік балдай тым.
Ара-тұра кісі өлгенде осылай,
Басына кеп аруақты алдайтын.
Үш-төрт рет тәуеп етер жылына,
«...торқа болсын» дейді әйтеуір құмыға...
...Ұсақ таппай әлгі шалдың қолына,
он сом берді «Құлқу-алла» құнына.
Тайынбады, салып алды қалтаға,
Оқыды ғой құран тілден бал тама.
– Бір сомымды қайырыңыз, болмайды,
Тақ береді – мұсылманның салты, аға! –
Кермалдасып қалды екеуі дүбініп,
Мұны көріп, кеттім мүлде түңіліп.
...Бәрі оралды жаңа қабір басына
Отыр екен бас молдамыз жүгініп.
Өз парызын өтеп жатты айбынып,
Түсін аңдап, қалдым бір сәт қаймығып.
Қаперіне кірмейтіндей дәнеме,
Адам өлді, ойланбайды қайғы ғып.
...Жас топырақ, қабір басы шошайған,
Еңіреді егде жігіт: «хош, айнам!..»
Күрсінемін,
Жүрек құрғыр қысылды,
«Аман-есен шығамын ба осы айдан?»
Үйге келдім құр сүлдерім, шалдығып,
Көкіректе әлденеден қалды дық.
– Күн жауында сүйек шықты, бұл – жаман,
Кісі өледі...
Тағы кімдер қалды ұлып? –
Дегені анам көпті көрген көзбенен,
Әйтсе де мен жамандықтан безген ем.
Ертеңіне құлағыма сенбедім,
«Адам қайтты» деп шулаған сөзге мен.
Тартты шалдар қазалы үйдің асына,
Тұншығады ет жақындар жасына.
...Тағы біреу еріп барып мәйітпен,
Құран оқыр әкесінің басына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу