Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  152


Автор: Алмас Ахметбекұлы

БАЛАЛЫҚ

(Этюд)
Тату көрші көптен біз,
Үй арасы бір мойнақ.
Жүретінбіз көктем, күз,
Көрші қызбен бірге ойнап.
Идеяшыл қыз біткен,
«Ойын залы» майса еді.
Сəби жүзі үздіккен
Қыздың аты Қайша еді.
Атам кешке малдан кеп
Төгіп қызыл шиені
Апам жаным, қарғам деп
Бізді кезек сүйеді.
Өткен жылы көктемде
«Оқисың» деп ата-анам.
Қала маңы бөктерге
Бір қора-жай жасаған.
Татулықтың қызығын,
Айта берем несін мен.
Сондағы бір қылығым,
Кетер емес есімнен.
Қайша екеуміз жүргенде
«Келін алып, қыз беріп»
Жайлау суып бір кезде
Қалған екен күз келіп.
Алыс қалып сай-салам,
Көшер болдық қайбір күн.
Айырылғанда Қайшадан
Сəбиліктен айырылдым.
Кетпеймін деп тебініп,
Жүк үстінен құладым.
Қайша қалды егіліп,
Мен «қалам» деп жыладым.
Көрдім кейін түсімде,
Қарамайды бетпе-бет.
Жылатқаным үшін де,
Қалды ма екен өкпелеп.
Дайын болдым бірде мен,
Мектепке бет түзеуге.
Қайша жүдеу жүр ме екен,
Қой қайырып күзеуде
Дейтін едім оның да,
Үйі көшіп келсеші.
Өзім ертіп оқуға
Апармас па ем ертесі.
Ес білер шақ əрменгі
Онда бəрі жөн еді.
Елес болып қалды енді
Сəби шақтың өлеңі.
Еске түссе бақ күнің,
Бір тақпақтың ырғағы.
Қайша берген тəттінің
Таңдайымда тұр дəмі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу