Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  76


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ШЫНДЫҚ

Ақиқат.
Тегі жап-жалаңаш
Сиықсыз да, сүркейлі,
Сол бейнесін шебер-шебер
Бояушылар бүркейді.
Жалғыз шындық келе қалса керіліп,
Үлгере алмай жатады.
Қанша шебер безендірсе де беріліп,
Адамдардың арасына жеткенде
Бір жайсыздық тұрар тағы сезіліп.
Егер жауыздықпен жолығар болсаң жекпе-жек
Алысар едің,
Əлің келмесе де «кекке» деп
қарысар едің
«Үзілмеспін текке» деп.
Ал ақиқатпен
Жолығар болсаң бетпе-бет
Бар жігерің қайысып
Қаудырлар едім
Ақ қаңылтырды от қарығандай майысып.
Сен түсіңде көресің,
Ақиқат дейтін мүсінді.
Ондай сəтте ұйқысырап
Шықыралатасың тісіңді.
Оны көрмеуді
Онымен бетпе-бет келмеуді
Тіленесің ояуда
Себебі: көзің
Үйреніп алған бояуға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу