Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  89


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ГҮЛ САБАҒЫ

Көрші үстелден қос жанары күлімдей
қарағанда, таныс дидар саркідір.
Өткен уақыт бір күнгідей білінбей,
көз алдыңа келе қалар бар ғұмыр.
Биге тартам сол ибамен баяғы,
жұмсақ ұстап көтеремін білегін.
Қолымдағым, əлде, гүлдің сабағы,
бірақ, онда гүл болғанын білемін.
Іші-сырты қас сұлудың өзі еді,
Жанарында күн арайлап, ай батқан.
Қолымда тұр нəр жүгірткен өзегі,
қызыл гүлін, қызғұмырын жайнатқан.
Қандай еді, ай кідірер қабағы,
бұрымындай бұлаңдаған денесі?
Иіледі қызыл гүлдің сабағы,
үйіреді сұлулықтың елесі.
Көкіректе тулап тұрған көңіл-ай,
бірде қымбат, бірде құнсыз асылым.
Жанданады уақытқа мойымай,
жастық шақта қалған сырлар жасырын.
Биге тартам сол əуенмен баяғы,
қолыма алып жұқа, жұмсақ білегін.
Сапар шегер өткен шаққа саялы
елеңдеген менің ерке жүрегім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу