Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  99


Автор: Алмас Ахметбекұлы

А. САҒЫНДЫҚҰЛЫНА

Досым, біздің жолымыз қиысқанда бала едік.
Бір курста он бес қыз, қырық жігіт бар едік.
Əдебиет жайында болушы еді дау-дамай,
бостандық пен ұлт жайлы айтушы едік əредік.
Тыным алған шақ еді даңғаза құр айқайдан.
Шəуешектен мен жетіп, сен келіп ең Алтайдан.
Жасың бала болғанмен, жасамыс-тын əз жаның
жазасымен заманның жастайынан марқайған.
Іле деген мекенде гүл көмкерген қыратын,
оқып едік құлшынып, бір сыншы мен бір ақын.
Қазақстан деген сөз үміт жағып жүрекке,
бодан елде бостандық елес беріп тұратын.
Бір өмірде бір өтер досым дедім өз басым.
Қиын-қыстау өткелде тастамайтын жолдасын.
Сырт қараған кісіге түсің салқын болғанмен
тебіренсең «елім» деп мөлт-мөлт етер көз жасың.
Біреулерге жай кісі, біреу үшін арманбыз.
Сөз маржанын төгілтер талғамы зор тарланбыз.
Миллион қазақ еліне жетсе екен деп еңіреп,
Отан азат болған да көш жолын да салған біз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу