Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  76


Автор: Алмас Ахметбекұлы

БОС КҮРШЕК

Бір жаныңда жүр-ау сенің екі дін
ой, адамзат есілім!
Табындым мен ойың екеу болғанға
екеуін де ұстануға бекідім.
Ал, ару қыз, сен тыңдашы, сымбаттым!
сымбатыңмен мына бізге қымбатсың.
Адамдардың жан тозаңын қондырмадың
ішіңе,
сырт бойыңа сыр жақтың!
Өз еркіңмен таласпадың олжаға.
Талай қуға болмадың-ақ қолбала.
Жаңа едің сен ол баста
қалпың біреу əлі жаңа, сол жаңа.
Жаңадан да жалығар кез болған, ə!
Жаңалық ол жарасыздық, дақсыздық.
Уақыт озса – дақсыздық та бақсыздық.
Ғұмыр сені жібермесін деп тіле,
Өмір бақи татсыз ғып.
Мына мен ше?
Сен ше, бəлкім, ескімін.
Саған қатар келе қоймас кескінім.
Бірақ та, мен жалқы болған тұстарда
Бақытты бір сəттерімді шақырып,
Құшаққа алып ұйықтаймын кешқұрым.
Айдың нұры жай таралып тұрғанда,
Көңіл байғұс қайта қалып тұрғанда,
Орман дымсыз «ешкім» жоқ деп бұл маңда,
Бұлақ үнсіз байқап ағып тұрғанда,
Кенет ғана,
салдыр етті бос күршек.
Ай нұрына шалынып, салаң етті қос тірсек.
Салдыр етті көңілімнің күршегі,
Көмейіме тығылды кеп сезімдердің үркегі.
Ал, оны анау жабықтағы саңылаудан
Ақ құрықтай
Ай сəулесі түртеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу