Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  88


Автор: Алмас Ахметбекұлы

МЫҚТЫ ӨЛЕҢ

(ақын – Жеңіс Шəкенге)
Ақын досым іздеп келіп бір кеште,
Жыр оқиды үйге кірер-кірместе:
«О, ғаламат!
Түнде мен,
аруақ шақырып,
жер сілкінткен үнменен,
ақ тұлпар мініп, ақ сауыт киіп ерленіп,
бара жатырмын
ақ семсерімді қараңғылыққа серменіп,
Ат тұяғынан жарқылдағанда от шашып,
дүбірі кетті жер жүрегімнен астасып.
Бір сəттерде,
ақ тозаң шаң шұбатып,
дала түнін шулатып,
сақырлаған мол дүбір келіп,
қосылды менің қасыма.
Түйдек-түйдек жөңкілген не бұл,
туған даланың тасы ма?!
Кім білсін, əлде, тасқа айналған,
батырларымның басы ма?!
Таңданғандай да, шағынғандай да мен оған
ағып бара жатып ой кідіртемін асыға.
Туған жерімнің
қозғалып кеткен тастарын бастап,
Бабаларымның
қапыда кеткен бастарын бастап
Дауысым бірде қарлығып
Дауысым бірде жаңғырып
кетіп барамын мəңгілік.
Ауаша енді,
талайдан үйір секемім!
мен жалғыз емес екенмін!..»
Əлде қашан оқып біткен өлеңін,
ол – ерленіп,
маған қарап тұр əлі.
Құлағымда сақырлаған қойтастар,
Көз алдымда тас ішінде ойқастап,
жарқылдаған тұлпарының тұяғы.
Күбірледім мен:
Жеткендеймін
айтарыңа түптеген.
Ғаламат қой мынау сенен күтпеген.
Мықты өлең, ... мықты өлең...!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу