Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  82


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ТЕМІРҚАЗЫҚ

Арман еді мəртебең, арқа сенің,
Жауға шапқан жігіттің арқасы едің,
Бөкен жосқан, кең дала, аңыз едің.
Бекем сөзді сен дана абыз едің.
Абылайдың алдырмас айласы едің,
Қабанбайдың қайраған найзасы едің.
Қапы кеткен ер едің – өкініш ең,
Кенесары қиратқан бекініс ең.
Біздің тағдыр сөзінен жаңылғалы,
талан болды жаның да, малың-дағы.
Бейнеленбес керемет бағың-дағы
сонан кейін көздерге шалынбады.
Құдыретіңе жауың да бас иетін,
Күймен ғана айтылар қасиетің,
Сағындырды, бір дəурен дамылдады.
Дамылдады атаның күбірінде,
өртке кеткен орманның түбірінде.
Дамылдады күйшінің саусағында,
үрке шапқан жылқының дүбірінде.
Дамылдады оттар да, ақ түтін де,
қына қонған, мүк басқан тас мүсінде.
Дамылдады белінде əкелердің,
дамылдады ананың ақ сүтінде.
Кім қойса да өз атын өзі білер
тағдыры өз қолында болған кісі.
Жауларына ендігі жалтақтамас
ақыл-айла, қуаты толған кісі.
Көкірегін серт алып, сенім кернеп,
өзі таңдап жұртына қонған кісі.
Ел бастаған жігіттің ерлігі үшін
Келіп еді ақынның толғанғысы.
Хас батырдың мекені, сайын дала –
беу, Сарыарқа, сен енді уайымдама!
Өткен шағың жаңаша қайталанды,
тегін тапқан əулетің қайта оралды.
Жүк түсірді ақ ордаң өз жұртына,
енді бағың кетпейді өзге ырқына.
Елден бұрын, өз халқың бас иетін
мəңгі оралды Көктуың – қасиеттің.
Бір сертпенен қартың да, жас бала да,
нар тəуекел етеді бастамаға,
Мың аттылы жарысқан кең даладай
ұлы дүбір басталды жас қалада.
Тымырайып қарайды күн батысың.
Сығырайып қарайды күн шығысың
Темірқазық сияқты АСТАНАМА.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу