Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  90


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ЖАЛҒЫЗСЫРАУ

Ер болам деп,
ес болам деп мен елге,
талпынғанда, таласқанда өнерге:
Қара жолдан шаң шығарам дегенде,
Қара сөзден сəн шығарам дегенде,
Қара орманнан əн шығарам дегенде,
Қара тауға аң шығарам дегенде,
Қара түнде шам шығарам дегенде,
Қара тастан мəн шығарам дегенде;
Кемпір айтты, – (əжесі еді сар қыздың,
Кісі емдейтін тамырымен жалбыздың).
«Қанша жортса шаңы шықпас жаяудың –
қанша айтса үні шықпас жалғыздың».
Есімде əлі:
қанша заман өткені,
жарқын еді үмітімнің көктемі.
Тары егіп ем,
ермен бірге көктеді.
Тал егіп ем,
дауыл тұрды,
өспеді,
Арпалысып əр бақытқа ұрындым.
Талай-талай тұйық жолдан бұрылдым.
Егіз еді,
жігерім мен күдерім,
Егіз еді,
кейінгім мен бұрынғым.
Кеткен есем
тегін еді тегіннен,
айрылмадым жалғыз ғана сенімнен.
бірақ, онда жалғыз емес едім мен.
Кебіс атты қасым болды емінген,
Жеңіс атты досым болды тебінген.
Қасты қойшы,
Азып-тозып жоғалды,
ал досымды ажал оғы тез алды.
Қайғы еді зор – сұм тағдырға не дерсің?
Келте ойласаң, күні бұрын семерсің,
Менше ойласаң, қайратыңа сенерсің!
Бақытым, сен, аман едің кесірден,
Құла құмда үріккен құлан секілді ең.
Жанталасам қайтарсам деп бетіңнен,
Екіленбе, əлдеқашан бекінгем.
Екіленбен ет кессе де етімнен.
Көрер көзге бəрі жарқын сияқты,
Көрер көзге бəрі халқың сияқты.
Көрер көзге бəрі де алтын сияқты,
Мен жаныма жасырамын намысты.
Мен жаныма жасырамын ұятты.
Қара орманнан əн шықпаған секілді.
Қара сөзден сəн шықпаған секілді,
Қара өлеңнен мəн шықпаған секілді,
Қара тауға аң шықпаған секілді,
Қара түнге шам шықпаған секілді,
Қара жолдан шаң шықпаған секілді.
.....
О, туысым,
Бұршы бермен бетіңді,
қас батырдан жан шықпаған секілді.
Кеткен есем тегін еді тегіннен,
айрылмадым жалғыз ғана сенімнен.
Бірақ,
онда жалғыз емес едім мен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу