Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  90


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ҰҚСАУ

Сауыр деген бір тау бар,
Арасында екі елдің.
Атын айтсаң қиялмен
Құстай ұшып жетермін.
Беткейі бар гүл өскен,
Самалы бар жыр ескен,
Сыны бөлек ақынға
Туып өскен мекеннің.
Шыңдары бар мұз құрсау,
Аса алмайтын ат көлік.
Темір тікен тартылған
Сол шыңдарды қақ бөліп,
Тартып кетсем дəл қазір
Танымай ма Сауыртау
Алыс кеткен ақынды
Туған жерге жат болып.
Сауыртаудан асып ем,
Отан азат бола сап.
Қақ бөлінді солайша
Бала шақ пен болашақ.
Қақ бөлінген туған тау
Қақ бөлінген бір ғұмыр.
Шендестіріп жыр жаздым,
Қаламымды ала сап.
Екі ғұмыр кештім мен
Сауыр, сенен жаралып,
Арғы бетің балалық,
Бергі бетің даналық.
Саған арнап жүз өлең,
Сөздерімді түзеген,
Алматыда ұлың жүр,
Шабытты ақын саналып.
Қарағайты Жеменей,
Қас өзен – қос бұрымың.
Екі жаққа ағады,
Бірі шаттық, бірі мұң.
Шыңдарына ұйыған,
Бұлттарының тамшысы,
Екі жаққа тамады
Көз жасындай тірінің.
Қыран аспас шыңынан
Қақ бөлінген туған тау.
Саған ұқсап барады,
Менің-дағы ғұмырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу