Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  104


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ҰЛАР – ӨЛЕҢ

Ұлар – біздің тауымыздың киесі,
құз-жартастың иесі.
Өзі де таудың бөріктей көк сұр тасы секілді.
таудан туып,
тау емген,
Ұлы мекенін жырлайды ол өз тілінде,
«Ұларшу» дейтін əуенмен.
Ат көздей шығып таңертең,
талай естіп ем,
сайратқанда тау ішін
жартастарда қамалып жүрген дауысын.
Уайымдап едім мен сонда,
ұлар жайлы атам заманғы
əңгімелер келіп есіме:
дауысын сонша жамыратты деп несіне.
Кім қалқа болар адамдар естіменісіне.
Тіпті,
«Құдай жолын қудым» дегендерде,
өңмеңдейді екен,
ұлы тауыма, ұларымның етіне.
Ұларым менің, ұлы тауымның меңіндей,
Жасайды ол жартасынан бөлінбей,
Жасайды ол
ұлы тауы жоқтарға
мəңгі бақи көрінбей.
Жаны тоғысып
таудағы алуан үндермен
жартасында
қамсыз отырған бейуазды,
баспалап келіп,
өзектегі бүргеннен
атқан болса бір мерген:
Өле ме оған,
ұларым менің тау жанды?!
Жатсынады ол
оқ тиген жерде қалғанды.
Аман болса бармақтай басы,
жүректегі сарқын қанымен,
таудан жаралған жанымен,
шырылдаған бойы қарсы бетке құлайды,
қанатынан жел боратып.
Енді саған бере қоймайды ұлы тау
оның денесін жасыл жапырағына оратып.
Түскен жерінен
адаспай қанша тінтсең де сен жан-жағын,
ұлар түгіл, таппас едің қан дағын.
Мамықтарын да,
бұрқ еткен жерден манағы
көкке көтере
алып қашады тау самалы.
Ол да жұбаныш –
оқ тиген соң да, түскен жерінен табылмау.
Менің тəпсірім –
сол қасиеттен жаңылмау!
Ұлы тауымның,
тұмарындай көрінген,
сол ұларды,
жайылып жүрген жерінен,
өз тауымыздың адамдары,
алдағандай жас баланы,
баспалап келіп,
атпенен соғып алады.
Содан таптым мен жүректегі мына жараны.
Сол жара менің жаныма батып барады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу