Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  123


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ƏКЕМЕ

Əке,
биыл кірбеңдеумін,
ойдан жаным мұздайды.
Кейде ұғынбай жүргендеймін
бір жұмбақты сіз жайлы.
Зиратыңа, міне, келдім
жауын шайған дуалын.
Құран оқып, тіленемін
жаратқанның сауабын.
Дидарыңа қош айтып ем
бұдан он төрт жыл бұрын.
Өзіңе арнап босайтын ем
əр жылымның бұл күнін.
Сұлап жатты ұзын тұлға,
мəңгі ұйқыда күрең жүз.
Қалдық түгел ұлар-шуда,
талықсыдық бірер біз.
Қиын тұста ауылыңа
ақыл, медеу сен едің.
Бітімім де, зауығым да
саған ұқсап келемін.
«Сөз бе, сол да, – дер едің сен, –
аумағыңнан озғаның?!
Сыртым ғана – серпілгенім,
өзіме аян өз халім.
Сен кешірген ол кезді мен
салыстырман бүгінге.
Қандай оймен кербезсің сен,
кімге сендің түбінде?!
Дамыл таптың сен осында
(«Шыбын ұшпас жарлықсыз»).
Əке-бала оңашада
сырласа алмай қалдық біз.
Топырағын жел айдаған
зиратыңа сүйендім.
Армандаймын һəм ойланам:
Махсұтым не?
Ием кім?
Зиратыңның қасындамын,
Міне адыр, анау тау.
Елікпейді оған жаным.
Дала жым-жырт, самарқау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу