Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  101


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ЖЕТІНШІ ПЕРНЕ

Сап алтыннан ұстамаса өлеңін,
бұл күндері көңіл бөлме ақынға.
Жырымды оқы, ойындағы мəнерің,
сезім қоссын махаббат пен ақылға.
Əр түпкірден келген адам секілді,
ой келеді бір басыңа қай-қайдан.
Көкшіл, сұры беттер анау, не түрлі,
қандай пайда шығар екен айқайдан.
Ойымның да қабықтары аршылар,
күлкі іздеме, бата-тілек, жоқ ол да.
Тұнса тұнар кірпігіне, тамшылар
тұнығандай, таң сəріде көгалға.
Біз көп едік, Екеу қалдық.
Өлеңмен
үшеу болып, ертеңгіні сезініп,
жанталасқан бір жанымды өлермен
оңашада өзің оқы, өзің ұқ.
Өзің оқы, өзің ұғын, сұрама!
Ғасырларға жетсін көңіл елгезек.
Құлақ күйін қоңырлатып бұра да
дауыс қоспа, домбыраға бер кезек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу