Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  93


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ТІК ЖАЗУ

Адамдар жоқ сөйлесетін ол тілде,
Сан мың хаттар мұрағатта қамаулы.
Көрінетін өрген бұрым көркінде
Тік жазуды оқитын жан санаулы.
Періштедей желбіретіп желегін,
Көктен саулап келе жатқан тізіліп,
Сол жазумен жазар ма деп өлеңін,
Ақын отыр өрнегіне қызығып.
Мəжнүн талдың жапырағындай əсемдеп,
Қауырсынмен ақ қағазға қадаған.
Мен түгілі, оқи алмас əкем де,
Тік жазуға түйсікпенен қадалам.
Бұл жазуды Тəңіріден деп таниын –
Шабыт келер көк шатырын сөгілтіп,
Жас анадай шомылдырған сəбиін
Тұнық суды төбесінен төгілтіп.
Кеше өткен мың жылдықтың басында,
Біз де солай жазып едік деседі.
(Иіліп кеп Таянханның қасында,
Тататұнға отырған ғой көшелі).
Замандарда хан-патшадан, шахтардан
Тік жазумен тізбек-тізбек хат қалған.
Сол хаттарға қанша ғасыр сақталған,
Қазақ ұлы болған емес сəп салған!
Қанша жүз жыл ұйықтап жатқан сүйсініп,
Сарғыш қағаз алыстан қол созам мен.
Үп етсем-ақ, абайсызда күрсініп,
Жазу бірге ұшатындай тозаңмен.
Баяу шешіп тік жазудың жұмбағын,
Ғасырларды парақтаумен ой кешіп,
Астанада отыр бүгін бір ғалым
Өткен күнмен,
өшкен тілмен сөйлесіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу