Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  145


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ҚИҒАШ ӨЗЕН

Мен Қиғашты жиі көріп тұрғанмын,
Жұмекеннің сөзіндегі бейнеден.
Оймен кезіп, құмға айналған қырларын,
Жағасында жүргендей ем жейдемен.
Күн шуағы артық түсер шамадан,
Судың беті, құмның беті ысыңқы.
Сұр мұнарға ұзақ-ұзақ қараған
Ақынның да қос жанары қысыңқы.
Мағынасы сол өзеннің атында
Қиғаштап кеп қайық салар əр адам.
Қиғаш өлең жазып еді ақын да
Заманына қиғаш келіп қараған.
Дыз еткеннен от болатын сезімі,
Сіріңкедей (қиғаш тартқан шырпыдай),
Қайталанбас өз бояуы, өз үні
Заманына сыймай кетті-ау.
Шіркін-ай!
Сөз ұстайтын жарқылынан жасынның
Жұрт сезінбес бостан ойы – байлығы.
Өзін азат сезер шағы ақынның
Жырға жүктер қарсылық пен қайғыны.
Кейпін ашқан сонда бодан ғасырдың,
Бір Жұмекен ақындардың əйдігі.
Ақын жанын қай түсыңа жасырдың,
Ау, Қиғаш су – Қиғаш өлең əйгілі!
Мен туған жер алыс сан мың шақырым,
Өзенді жер бүлкілдеген айдыны.
Сөзін ұстап Жұмекендей асылдың,
Жайбарақат қызықтаушы ем жай күні.
Қиғаш өзен,
Ақын даңқын асырдың,
Саған жолым түсер екен қай күні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу