Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  98


Автор: Серік Жетпісқалиев

Кәрі мәңгүрт қасіреті

\заман зары\
Ой-санасы салмақсыз,салдыр-сұлдыр,
Айтқан сөзі мазмұнсыз,балдыр-бұлдыр.
Арамызда жүретін балаң мәңгүрт,
Қарамызды көбейтіп,қаңғыр-күңгір.
Толқытпайтын ұстаным, қағидалар,
Ойланбайтын ұлттық діл жайында да.
Тебіреніп бізге сыр ақтаратын,
Жақ ашпайтын оған бір сайын дала.
Жоққа бола күйініп,сағы сына,
Сергімейтін тұлпарлар шабысына.
Ол ермейтін жігіттер аттанғанда,
Аңшылыққа құла түз тағысына.
Жоламайтын сойылға,шоқпарға да,
Оттай жанып түспейтін көкпарға да.
Боз кілемге шықпайтын белін буып,
Құрдастары күресіп жатқанда да.
Мақал-мәтел есінде сақталмайтын,
Жақсы әңгіме жадында хатталмайтын.
Бізге шерін тарқатар домбыра да,
Оған мұңын-қайғысын ақтармайтын.
Селт етпейтін сөз болса діннің қамы,
Шатып-бұтып әрнені,мылжыңдады.
Ана тілін өзінің білмеген соң,
Өзгелерге өзеуреп қылжыңдады.
Ардың-күрдің әрекет күлдірмес пе,
Сабылтып әрлі-берлі жүргізбес пе?
Бар ісі ертелі-кеш арналатын
Өзінің мәңгүрттігін білдірмеске.
Кемшілігін біреудің айту—азап,
Заты басқа шіркіннің,аты қазақ.
Жастығына барлығын жаба салып,
Мәңгүрт жігіт жүретін сайқымазақ.
Содан бері қаншама су ақпады,
Тәуелсіздік елімде тұрақтады.
Елдегі жұрт бұрылып ата салтқа,
Қандастар да оралды жырақтағы.
Алла әркімді әрқалай пішімдейді,
Ақыл қонсын, ақ ,көк пе, түсің мейлі.
Әлгі мәңгүрт қартайған сол қалпында ,
Бір ойыңды он айтсаң түсінбейді.
Тебетейі басында өзі дінсіз,
Үлкенге де, кішіге сөзі құнсыз.
Шал екенін сақалы аңғартқанмен,
Секеңдейді әлі күн ойсыз-мұңсыз.
Ащы суын сіміріп қосып асқа,
Араласар адамы, «досы» басқа.
Әлгі мәңгүрт әйтеуір келіп апты,
Ел құрметтер биікке, осы жасқа.
Жас қадірін ұғынар ол ма бірақ,
Мас болған күн жатады жолда құлап!
Жеңіл мінез қыздарды жағалайды,
Дәрі-дәрмек желпінтер қолданып ап!..
Бір төңкеріс болмаған санасында,
Кәрі мәңгүрт!.. осыған нанасың ба?
Мейрамдарда жүреді шапан киіп,
Ораза, айтта молдалар арасында.
Тебетеймен келер ме тақуалық,
Мына өмірді жіберген сахына қып.
Кемпір кеткен... енді өзі қутыңдайды,
Екі күннің бірінде қатын алып.
Қазақша әңгіме жоқ, тосылады,
Шежіре-тарихтан шошынады.
Ойын-тойда араққа тойып алып,
Тек орысша әндерге қосылады.
Тілек айтып, не бата бере алмайды,
Төрде отырып қарт болу оған қайғы.
Жас күнінде ермейтін жігіттерге,
Қартайғанда жақсыға ере алмайды.
Жалындаумен өтер-ді жастық албырт,
Жасық қана өткізер күнін салғырт.
Жүретін өзге жұрттың жынын сән ғып,
Мәңгүртті жолықтырды енді шал ғып.
Бұл жырды жазғаным жоқ, кейіп тегі,
Жүрекке дық түсірді кейіпкері.
...Кәрі мәңгүрт көзімді ала беріп,
Араққа қолын созды сейфтегі.
Демесін, отыр жұрттың бәрі қалғып,
Жетті кез жат қылықтан арыларлық.
Сондықтан бар айыбын бетке бастым,
Бой жиып, бері қайтсын кәрі мәңгүрт!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу