Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  159


Автор: Серік Жетпісқалиев

БІР ӘУЛЕТТІҢ АРҚА СҮЙЕР ШЫҢЫСЫҢ

(Інім Ғазиздің 50 жылдығына)
Білдірместен дәру шипа, бір емін,
Өтіп жатыр, өтіп жатыр мына өмір.
Жақсылыққа қуана біл жадырап,
Жамандыққа сыздамасын жүрегің!..
Қайсар өскен қарағайдың бірісің,
Бала күннен бөлек еді жүрісің.
Пана болдың соңыңа ерген бауырға,
Өзім арқа сүйейтұғын інісің!
Бір әулеттің бетке ұстары, шыңысың,
Шалқи берсін асып-тасып ырысың.
Сені көрсем аспан -көгім нұрланып,
Сені көрсем кеңейеді тынысым!...
Елу деген ер жігіттің тұғыры,
Елу деген ақыл-ойдың тұнығы.
Елу деген кәріліктің жастығы
Елу деген естіліктің сынығы.
Елу деген әкелердің жұғыны,
Елу деген кейінгінің ұлығы.
Елу деген белден кешу өмірді,
Елу деген өмір мәнін ұғыну.
Жақсымен-дос, жамандармен арбасып,
Сол елуге сенде кепсің, маң басып.
Елу болсын ұзақ жолда бір төбе,
Жатсын жолың тоқсан-жүзбен жалғасып!..
Шарбағынан ұзамайтын жамандай,
Мен де отырмын бір тойыңа бара алмай.
Жұмыс мынау... аяқтағы тұсаудай,
Ағымына бағындырған заманды -ай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу