Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  91


Автор: Серік Жетпісқалиев

ҚАЙРАН ӨЛЕҢІМ , АЛДАНЫШЫМ-АУ

Қайран өлеңім, алданышым-ау,
Сені де есіркеп, толғанам кей күн.
Құлаған жанмын жардан ұшып-ау,
Мұң содан басқа орнаған деймін.
Қайысып белің көтердің көп жүк,
Қайбір көнтерің көнгендей еді?
Болмасаң өзің жәудіреп, жүнжіп,
Мынау Серігің өлгендей еді?!
Зарымды тыңдап,сырымды естідің,
Жарамды көріп, уымнан таттың.
Соққысын тосып қайғы-көшкіннің,
Тоқтатып селді, жаншылып жаттың.
Күл болып жатып күмбірлей бердің,
Қабырғам қара қарағай ма еді?
Жеңімнен тартып, жүр-жүрлей бердің,
Пейіл-ниетің даладай ма еді?!
Өлеңім сырлас, жан досым менің,
Жақсылығыңды ақтай алмаспын.
Жігері құмдай болмасын дедің,
Сен сүйеген соң жалға жармастым.
Сендей сезімтал дос болмас ,сірә,
Қолдадың талай дәт беріп жанға.
Толастар көңіл,енді сәл шыда,
Басыма әйтеуір, қонғаныңа тәуба!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу