Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  106


Автор: Серік Жетпісқалиев

Батадан алқа тағынып...

Батадан алқа тағынып,
Алғысты іздеп ,сағынып.
Құлыншақтай құлдырап,
Жұмсайтын жерден табылып.
Пейілін ұғып үлкеннің,
Ниетін қырық шілтеннің.
Ағаның сөзін екі етпей,
Естіге ерте тіркелдім.
Лүпілдеп сәби жүрегім,
Айқай-шу көрсем жүдедім.
Сабырлы әркез әжемнің
Намазыменен түледім.
Бататын нәзік жанға да,
Түсетін салмақ арға да.
Тарқайтын сұр бұлт түнерген,
Сыйынғанда әжем Аллаға.
Аңдамай қалсам кешірді,
Түзеді бұрып, көшімді.
Соғысты көрген әкешім,
Шегедей қылып өсірді.
Күндіз де, түн де тілер-ді,
Жатқа сан жырлар білер-ді.
Әнменен тербеп анашым,
Ақын ғып мені жіберді!
Мен үшін көкті тірер-ді,
Аялап қана жүрер-ді.
Тұйғынға теңер тәтешім,
Түлетіп мені жіберді!
Сөнбеді жастық жалыным,
Басылмады екпін- арыным.
Бауырмал қылды бауырым
Азамат қылды ауылым!
Шыдадым не бір сынаққа,
Күліп те жүрдім, жылап та.
Табысым -таптым жолымды,
Сүйей гөр, Алла, құлатпа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу